Сайлау жүйесі қалай өзгерді?
Сайлау жүйесіндегі өзгерістер мен күтілетін нәтиже туралы «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ Басқарма Төрағасы, саясаттанушы, Ұлттық құрылтай мүшесі Қазбек Майгельдинов өз пікірін білдірді. Басқарма Төрағасының айтуынша қазіргі бастамалар «әуелі саясат, содан кейін экономика» қағидасы негізінде жүргізіліп жатыр.
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі аясында төрт саяси реформалар пакеті қабылданды. Сайлау жүйесіне, саяси партияларға қатысты бірнеше заңнамаға өзгертулер енгізілді. Биыл Конституцияның 33-бап, 56-тармағы жаңарды. Халық референдумды қолдады. Жергілікті өзін өзі басқаруды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданды. Осының аясында елімізде ауыл әкімдерін тікелей сайлау жүзеге асырылып жатыр. Қазірдің өзінде 800-ден астам ауылдың басшылары халықтың тікелей сайлауымен лауазым иеленді.
Конституциядағы маңызды өзгерістің тағы бірі мәслихаттың құзіретіне байланысты. Егер сайланған әкімді халық жарамсыз деп санаса, онда оған мәслихат арқылы сенімсіздік білдіреді. Мәслихаттың құрамы да бұрынғыдай партия тізімімен емес, ауыл, аудан, қала деңгейінде толықтай мажоритарлық сайлау жүйесі арқылы жүзеге асады. Яғни бір мандатты округ арқылы кез келген азамат өзінің конституциялық құқығын қорғай отырып, депутат атануға мүмкіндік алды. Бұл – жергілікті белсенділерге, туған жерінің дамуына үлесімді қосамын деген азаматтарға жол ашады. Бұл – тікелей сайлаудың артықшылықтары. Әкім мен халық арасындағы байланыстың нығаюына, жауапкершіліктің артуына және жұмыстың тиімділігіне тікелей әсер етеді.
Жергілікті мәслихат төрағасы бұрынғыдай әкімге бағынышты болмайды. Мәслихат құрамындағы депутаттар өзін өзі ұсыну арқылы 100 пайыздық мажоритарлық жүйемен сайланады. Осылайша тежегіш тепе-теңдік саясатының нәтижесінде әкім мен мәслихаттың қарым-қатынасы теңеседі. Өйткені бюджетті бекітетін де, кез келген шешімді қолдайтын да, сондай-ақ әкімге сенімсіздік таныта алатын да – мәслихаттар.
Ауыл әкімдеріне қарағанда аудан әкімдерін сайлаудың орны бөлек. Өйткені ауылдардағы жол, су, электр жарығы секілді негізгі мәселелер бюджеті ауданда бекітіледі. Сондықтан ауданның маңызы зор.
Аудан әкімдерін тікелей сайлау – жалпы өзін өзі басқару жүйесінің маңызды бөлігінің бірі. Сондықтан аудан әкімін тікелей сайлаудың нәтижесі өте маңызды. Бұл бір жағынан сайланатын әкімнің жауапкершілігіне байланысты. Екінші жағынан халықпен қарым-қатынастағы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасының шын мәнінде жүзеге асуына толықтай өз үлесін қосады.
Мемлекет басшысының сайлауға қатысты реформалары демократиялық дамудың ілгерілей түсуіне тікелей әсер етеді. Ол Мәжіліс пен облыстық мәслихатқа пропорциялық-мажоритарлық жүйе арқылы, қала, аудан деңгейінде толықтай мажоритарлық жүйені қолдану қоғамдағы бүкіл тараптың, түрлі әлеуметтік топтардың мүддесін қорғайтын оң өзгеріс болатынына сенемін.
«Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ Басқарма Төрағасы Қазбек Майгельдиновтың «Егемен Қазақстан» порталына берген сұхбатынан