«Zhasdaryn» байқауының жеңімпаздары марапатталды
26 тамыз күні «Zhasdaryn» бейнероликтер байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Байқауды «Казцинк» ЖШС қолдауымен «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ ұйымдастырды.
Байқау 25 маусым мен 8 тамыз аралығында өтті. Барлығы 176 қатысушы өтінім берді. Үздіктерді арнайы құрылған конкурстық комиссия мүшелері анықтады. Комиссия құрамында психолог, журналист, балалар арнасының өкілі, контент-менеджер, суретші, иллюстратор, мобилограф болды.
Байқау шарты бойынша қатысушылар әлеуметтік желілерде міндетті түрде жасын көрсете отырып, «Менің болашақ мамандығым» атты креативті бейнеролик жариялау қажет еді. Бейнеролик хронометражы – 1 минутқа дейін.
Әлеуметтік желіде жариялау кезінде жоба үшін арнайы ашылған zhasdaryn_baiqauy парақшасын белгілеу және #меніңарманым2022 және #zhasdaryn2022 хэштегтерін көрсету қажет. Қатысушылар бейнероликті өзінің немесе ата-анасының әлеуметтік желідегі парақшаларында жариялады.
Қатысушылар жас ерекшелігіне қарай 3 топқа бөлінді. Байқау жеңімпаздары атанған қатысушылар:
5-9 жас
- Нығметолла Тимур Серікұлы – 8 жас, бағдарламашы
- Жалғас Бекжарас Жандосұлы – 9 жас, спортшы
10-13 жас
- Дерксен Вадим Дмитриевич -11 жас, шахматшы
- Тұрлыбаев Данияр Бауржанұлы – 12 жас, суретші
14-18 жас
- Серохвостова Александра Дмитриевна – 14 жас, архитектор
- Уаликеев Дамир Азаматұлы – 15 жас, фермер
«Казцинк» ЖШС атынан алғысхат Лазарев Андрей Павлович пен Закирова Альфия Марксовнаға табысталды.
Үздік деп танылған қатысушылар ноутбуктер мен дипломдармен марапатталды.
Сондай-ақ іріктеуден өткен 6 қатысушы Нұр-Сұлтан қаласына шақырылды. Әр жеңімпаздың қатысуымен түсірілім өтіп, болашақ мамандықтарына байланысты бейнероликтер дайындалды.
Кеш соңында байқау жеңімпаздарының ата-аналары ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.