«Eлорда - KitapTime» кітап көрме-жәрмеңкесі өтті
Елорда күніне орай Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы алаңында Нұр-Сұлтан қаласы «Есіл» ауданының әкімдігі және «Фолиант» баспасы бірлесе ұйымдастырған «EЛОРДА - KitapTime» кітап көрме-жәрмеңкесі өтті.
Кітап көрме-жәрмеңкенің мақсаты – кітап оқуды қолдау, оқырмандардың оқу мәдениетін қалыптастыру, Елорда туралы әдебиеттерді кеңінен насихаттау, сондай-ақ отандық кітап баспаларының жаңа өнімдерімен таныстыру.
Ұлттық академиялық кітапхана директорының міндетін атқарушы Нұрлан Жолдыбалинов бұл кітапхананың 18 жылдық тарихында алғаш рет ұйымдастырылып тұрған жәрмеңке екендігін және жәрмеңкеде кітаптарды тек көріп қана емес сонымен қатар сатып алу мүмкіндігі бар екендігін айтты.
Жәрмеңкеде «Фолиант», «Эльдорадо» кітап дүкені, «Абай» кітаптар үйі, «Алматыкітап» баспалары өз өнімдерін, «Qyr balasy» қоғамдық бірлестігі жаңа кітаптарын, Akel интернет дүкені Qasym сериясымен кітаптарын келушілердің назарына ұсынды.
Сондай-ақ «Балалар жылына» орай «OYNA» балалық шақ институтымен бірлескен «Оқимыз, жазамыз, сурет саламыз!» балалардың шығармашылық сағаты, балалардың суреттерінен арт-галерея, балаларға арналған шахмат ойынынан және әлеуметтік қолөнер шеберханасының шеберлік сағаты өтті.