«100 жаңа оқулық: тіл тарихы»
«100 жаңа оқулықтың» қатарына енетін, әлемге танымал, таңдамалы кітаптардың бірі жайында біздің де сөз қозғағымыз келіп отыр. Авторы Торе Янсон (Tore Janson) болып табылатын «Тіл тарихы» (The History of Languages) атты еңбекке тоқталмақпыз. Оқулық Оксфорд лингвистика оқулықтары (Oxford textbooks in linguistics) қатарына кіреді.
ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты мақаласында ауқымды алты жобаны атаған болатын. Соның бірі – «100 жаңа оқулық» жобасы. Бұл – жастардың дамыған өзге мемлекеттердің білім беру әдісінен тәжірибе алу мақсатында енгізілген жаңа бетбұрыс. «100 жаңа оқулық» жобасы арқылы дүниежүзіндегі озық оқулықтар ана тілімізге аударылып, жастарға жаңашыл бағытта білім беру жүйесі енгізілуде. Кітаптар гуманитарлық оқудың барлық бағыттары негізінде жасақталған. Оқулықтар ЖОО-ның оқу бағдарламаларына өткен жылдан бастап кіре бастанын да атап өту керек.
«100 жаңа оқулықтың» қатарына енетін, әлемге танымал, таңдамалы кітаптардың бірі жайында біздің де сөз қозғағымыз келіп отыр. Алдымен мақаламыздың шымылдығын Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты еңбегінде жазылған сөздерімен ашқанды жөн санадық:
«…Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу.
Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады.
Біз алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілден қазақ тіліне аударып, жастарға дүниежүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасаймыз.
Жаңа мамандар ашықтық, прагматизм мен бәсекелестікке қабілет сияқты сананы жаңғыртудың негізгі қағидаларын қоғамда орнықтыратын басты күшке айналады. Осылайша болашақтың негізі білім ордаларының аудиторияларында қаланады».
Сонымен мақалаға арқау болып отырған қай кітап?
Авторы Торе Янсон (Tore Janson) болып табылатын «Тіл тарихы» (The History of Languages) атты еңбекке тоқталмақпыз. Оқулық Оксфорд лингвистика оқулықтары (Oxford textbooks in linguistics) қатарына кіреді.
Кітап аты айтып тұрғанындай, тіл және оның тарихы туралы. Бұл еңбектен қандай халық қандай тілді қолданады, қай тіл көп қолданысқа ие, тілдер қалай пайда болып, қалай жойылады және т.б. сұрақтарға жауап алуға болады.
Кіріспесінде тіл мен тарихтың егіз құбылыс екендігі жазылған. Ол екеуі қалай байланысқан дүние болуы мүмкін?! Ғаламшар пайда болғалы бері талай тарихи оқиғалар орын алды. Бұл заңдылық. Солардың барлығы адамдардың күнделікті қолданатын тілдеріне тікелей сабақтастықта өрбиді. Қысқасы, бұл еңбек тілдің тарихтағы рөлін көрсетеді. Сондай-ақ халықаралық қолданысқа ие тілдер және африка тайпалары мен австралиялық бушмендер сөйлейтін хойсан, банту тобындағы ұсақ тілдердің пайда болу тарихы қамтылған.
Сіз тілдің қанша уақыт бұрын пайда бола бастағанын білген бе едіңіз? Қазір қолданылып жүрген тілдердің пайда болғанына кем дегенде 40 мың жылдай уақыт болған екен. Тіпті одан да ұзақ болуы мүмкін. Жоғарғы шек – 2 миллион жылға жуық, адамның тас құралдарды алғаш жасай бастаған кезі. Яғни, біздің қолданып жүрген тілге дейінгі тіл. Сол кездегі адамдар да тілді қазіргі заман адамдарындай қолданған деген қорытынды жасауға болады. Себебі құрал-саймандарды жасаған кезде алғашқы адамдар өздерінің ой-сезімін көркемөнер тілімен жеткізуге тырысқан.
Алғашқы адамдар туралы сөз қозғалғанда көпшілігінің ойына Африка құрлығы оралады. Оңтүстік Африканың Калахари атты шөлінде ағылшын тілінде «бушмен» деп аталатын, бірақ қазір көбі «сан» деп атап кеткен адамдар өмір сүреді. Олар кешеге дейін жемістердің жемейтін түрлерін жеп, тура алғашқы адамдарға ұқсас аңшылықпен айналысып келген. Белдеріне жапырақ байлап жүретін оларда әрдайым өздерімен алып жүретін қарулары мен ыдыстары ғана болған екен. Сан өркениетіне жататын шағын топтардың кейбірі әлі күнге осы қалыптарында қалып қойған. Біздің айтайын деп отырғанымыз мынау: сан халқының өмір сүруі, ойлау деңгейі, олардың салты өзгеруде. Сандықтар қазір әлі зерттеле қоймаған хойсан тілдерінде сөйлейді. Ол тілде ешкім жазбайды, тек сөйлеу тілі болып табылады. Бұл жерде хойсан тілдері неге дамымаған деген сұрақ туады. Себеп біреу: оның жазуы жоқ. Ағылшын және басқа да еуропалық тілдермен салыстырғанда хойсан тілдерінде неліктен сөздік қор аз? Өйткені тілдері тек ауызекі сөйлеу стилінде қалыптасқан. Жазу дамымаған жерде тіл де дамымайды. Жазу болса, тіл және оның сөздік қоры атадан балаға жетіп отырады, ұрпақтар оны түсініп, сол тілде сөйлеуге тырысады, кітапта өшпейтін мұра болып сақталады.
Автор үлкен тілдік топтарға да тоқталған. Олар: герман, славян және роман тілдері. Ағылшын, неміс, швед және итальян тілдерінің ұқсастықтары мен айырмашылықтары туралы жазған. Оқулықта ежелгі ағылшын, ежелгі жоғарғы неміс, ежелгі норвег тілдеріндегі сөздердің қазіргі түрлері, үш славян тіліндегі (орыс, поляк, чех) ұқсас сөздер, төрт роман тіліндегі (француз, испан, итальян, португал) ұқсас сөздер туралы талқыланған. Бұл үш тіл тобы (герман, славян, роман) бір-біріне ұқсайтындай болып көрінеді. Дей тұра, олар жақын емес.
Үндіеуропа тобындағы тілдер жайын сипаттағанда жазушы алты ежелгі тілдегі (латын, ежелгі грек, ежелгі ағылшын, ежелгі норвег, ежелгі ирланд, ежелгі санскрит) ұқсас сөздерге баса назар аударады. Сондай-ақ үндіеуропалық тілдерден анағұрлым жылдам тараған банту халқы және банту тілдері жайлы да сөз қозғап өтеді. Банту тілдері Орталық және Оңтүстік Африка құрлығында кеңінен таралған. Бүгінде банту тілдерінде сөйлейтін 200 миллионнан астам халық бар. Банту тілдерінен бөлек басқа да тілдік топтар айтылады. Дегенмен автор тек тілдер жайын айтумен шектеліп қалмай, тарих пен жазуға да аса мән берген. «Тарихтың базисі» атты бөлімінде сөйлей білу, сурет салу, жазу сықылды дүниелерді сарапқа салады.
Кітаптың ең қызық тарауларының бірі иероглифтер мен мысыр патшалығы жайлы жазылғаны. Онда мысыр иероглиф жазуы көбіне сурет салу арқылы жазу деп қарастырылады. Таңбаларының көбі бір нәрсенің мағынасын айқын ашып беріп, таңбаның мағынасы бейнеленген нәрсемен байланысты болатынын айтқан.
Көп тіл пайда болып, кейін жойылып кетті. Пайда болғанына кем дегенде 3300 жыл болса да осы күнге дейін жеткен қытай тілі және оның пайда болу тарихы, жазылуы туралы сөздің де кітапта айтылмай кетпегені белгілі.
Одан кейін жазылған – грек тілі. Грек тілі және алфавиті, оның жаратылысы, жаңа грек тілі деген секілді тақырыптар қозғалады. Тарауда грек тілі жайлы мол мағлұмат берілген.
Мәтіндері б.з.д. 600 жылдар төңірегіндегі жазба-жәдігерлерінде кездескен латын тілі жайлы не білеміз? Тікелей және жанама түрде ену арқылы ағылшын тілін көптеген сөзбен байытып, көбінесе күнделікті қолданыстағы заттардың атауларын емес, дерексіз ұғымдарды білдіретін латын тілі дүниежүзі халықтарына танымал тілдердің қатарында.
Жоғары мәдениеттің тілі – араб тілінің тарихы, ХIII-XIV ғасырлар аралығында өмір сүрген Дантенің «итальяндар жазған өлеңдердің бәрін сицилиялық», ал олар жазған тіл «sicilianum vulgare» деп аталды дегені және оның болашаққа болжамы қандай болғандығы түсіндіріледі. Римдіктер Британияны б.з.д. І ғасырда жаулап алып, елді 300 жылдан аса уақыт бойы билесе де, Франция, Испания және Португалиядағыдай неліктен латын тілі көпшілікке ортақ ауызекі тілге айнала алмады? Неге христиан дінін ұстанатын ирландтар мен бретондар арасында латын тілін білу тек шіркеу үшін керек болып, пұтқа табынатын герман корольдықтарында латын тіліне еш орын болмады? Герман басқыншыларының тілі неге англдардың құрметіне аталған? 1066 жылға дейінгі ағылшын тілі неліктен қазір «ежелгі ағылшын тілі» деп аталады? 1809 жылы швед билігі әлеуетінен айрылғанда елде швед аз болып, тұрғындардың дені қай тілде сөйлеген? Финляндияда не себепті екі тіл қатар жүреді? Осы және өзге де тілге қатысты көптеген сұрақтардың жауабын аталмыш оқулықтан табуға болады.
Тіл және саясат, тілдер бәсекесі, ұлттық тілдер және ұлт ақындары деген секілді ұлттық тілдер дәуіріне де жеке тарау бөлініп, қаралған. Португал, испан және ағылшын тілдерінде сөйлейтін Америка құрлығы мен оның халқы туралы не білеміз? Бүгінде американдықтардың халқы қанша, ал бұрын қанша болған? Олар қай тілде сөйлеген?
Нәтижесі айтуға тұрарлық Португалия басқыншылығы жайлы мына деректі бұрын-соңды естіген бе едіңіз? Бірнеше ғасырдың ішінде португал тілі 1 миллионға жетер-жетпес адам сөйлейтін таза еуропалық тілден 200 миллиондай адам сөйлейтін әлемнің ең ірі тілдерінің біріне айналды. Шет елдерде ағылшын тілінің таралуы, 21 миллион тұрғыны бар, жердің шетінде орналасқан Австралия мемлекетінің 99%-ының ағылшын тілінде сөйлеуі, халқының барлығы ағылшынша сөйлейтін Жаңа Зеландия аралды мемлекеті, креол тілдерінің пайда болуы, креолдардың ішіндегі ең танымал гаити тілін қай жерде ана тіл деп таниды, герман және африкалық тілдердің қосындысы – африкаанс тілі жайлы не білеміз? Бұлардың барлығына жауап әлемнің ең үздік деген кітаптарының бірі – «Тіл тарихы» еңбегінде жазылған.
Тілдер қалай пайда болып, қалыптасатыны қызықтыра ма? Бұл туралы оқулықтың 14-ші тарауы айтады. Онда ауызекі тілдің жазба тілге қалай айналатыны, тілдер қалай пайда болып, қалай жойылатыны баяндалады. Сондай-ақ болашағы жоқ тілдер, диалектілерді қайта құру, шиеи тілі мен тимбукушу тілі, тілдердің жойылуы жақсы не жаман екендігі туралы аз-кем айтылып өтеді.
Келесі бөлім – «Кеше, бүгін және ертең». Бұл бөлімде қазіргі таңда халықаралық қарым-қатынас тіліне айналған – ағылшын тілінің шарықтауы, Қытай тілі және Қытайдағы ағылшын тілі, ағылшын және қытай тілдерінің келешегі жайында айтылады. Ең соңғы тарауда автордың екі жүз, екі мың және екі миллион жылдан кейін не болады деген сұрақтың жауабын табуға барынша тырысқаны байқалады.
Ол алдағы 200 жылдың ішінде жүз немесе одан да көп адам сөйлейтін, білім беруге белгілі орны бар, бар деп ресми мойындалған тілдер жойыла қоймасын айтады. Оған қоса ағылшын тілінің үстемдігі 200 жылдан кейін қазіргіден кем болады дейді. Тірі қалған тілдер қазіргі үрдіс бойынша 200 жылдан кейін бүгінгіден анағұрлым біркелкі болады деген де пікір қосады. Ал екі мың жылдан кейінгі тіл тағдырына автор былайша болжам жасайды:
«Екі мың жыл деген – ұзақ уақыт, бірақ тарихшы-лингвистер алыста қалған өткенді қайта жаңғыртып, қалпына келтіріп жүр. Ондай ұзақтықтағы кезеңде болған өзгерістерден мамандар тілді танымай қалып жатқан жоқ.
Болашақтағы тілдерге қай тілдерде материал берілетіні бір Құдайға мәлім. Статистикалық тұрғыдан материал беруге қытай, ағылшын, хинди, испан тілі сияқты қазір сөйлеушісі ең көп тілдер лайықты, бірақ тарих пен статистика үнемі үйлесе бермейді. Ол оқшау аралда ұлттық тіл ретінде қолданылып, басқа тілдерден гөрі өзгеріске ең аз ұшыраған исланд тілі болуы мүмкін, исланд тілі соңғы мың жылда, шынында да, өте аз өзгерді. Бірақ бұл – жай әншейін жорамал ғана».
Екі жүз, екі мың жылға жасалған меже осылай. Екі миллион жылдан соң ше, тілдер тарихы қалай өзгермек? Осы тұста да автор сөзін қосқымыз келеді:
«Осымен тілдердің тарихы туралы әңгімемізді аяқтайық. Жаңа тіршілік иелері біздің түсінігімізге сыймайтын өзге, жетілген қабілетке ие бола ма, әлде олар еш дыбыс шығармайтын үнсіз бола ма, маңызды емес. Олар біздің ақыл-ой, сана-сезім және физикалық қасиетімізден туындаған тілге ұқсас тілде сөйлемесе, біздің биологиялық түрге жатпағаны. Адамды адам еткен – сөйлей алу, тілді пайдалану қабілеті. Егер олар біз тәрізді сөйлемесе, демек, олардың адам баласы болмағаны».
Қысқасы, осыдан 20 мың жыл бұрын біреу бүгінгі замандағы лингвистік жағдайды болжауға тырысса, ол болжамның дұрыс болу мүмкіндігі екіталай еді. Сол сияқты ертеңгі саяси жағдайды алдын ала сезу де мүмкін емес. Қорыта айтқанда, алда не күтіп тұрғаны тек бір Аллаға ғана аян.
P.S: Қазіргі таңда әлем халқы 6900 тілде сөйлейді, бірақ олардың көбінде сөйлейтін адамдардың саны аз. Ғаламшарымызда 7 миллиардқа жуық адам өмір сүреді. Олардың дені, 5 миллиардтай халық, кем дегенде 10 миллион адам сөйлейтін 85 тілдің бірінде сөйлейді. Қалған 2 миллиардқа жуық адам 6800 тілдің бірінде сөйлейді.
Статистикалық мәліметтен шағын тілдердің бірнешеуі сөйлеушілерінен тез айырылып келе жатқанын және ол көп ұзамай жойылып кетуі де мүмкін екенін, көптеген тілдердің әлсіреуі байқалып, алдағы уақытта құрып кету қаупі төніп тұрғанын аңғарған боларсыз?! Осы тақырыптарға толығырақ тоқталып, әр тілдің ерекшеліктері, айырмасы және ұқсас тұстарын айта кетіп, тиісінше мәлімет беруге тырысқан Торе Янсонның (Tore Janson) «Тіл тарихы» (The History of Languages) атты еңбегін оқуға кеңес береміз. Сонымен қатар осыншама күрделі дерек көзімен таныс қылған авторға үлкен алғыс!