Мақала

Көкпар – жігіттер ойыны!

Аттың қолға үйренуі – жаңа заманнің кілті іспетті болды. Сол жаңа заман осы емес пе?!

Қараңыз. Аттың қолға үйретілгеніне дейін не болды? Өркениет деген мүлдем жоқтың қасы емес пе еді?! Елу шақырым қашықтықтағы жерге бару – кәдімгідей қиын мәселе еді. Ағаш үй. Аңды жаяу қуалау… Содан соң атты қолға үйретті. Сол дәуір үшін, сол кезең үшін бұның қандай деңгейдегі сенсация екенін білсеңіз ғой! Аттар қолға үйретілді. Оларға арналған сауыт-жарақ жасалды. Аңды атпен қуалау мүмкіндігі пайда болды. Екі ел арасы жақындай түсті. Сауда-саттық пайда болды. Қару-жарақтың озық үлгілері пайда болды. Зауыт-фабрикалар салынды. Қалалар қаланды. Бекіністер бой көтерді. Автокөліктер пайда болды. Жаңарды. Жаңғырды. Дамыды.

 

Сосын… Сосын тоқтап қалды. Ол кездегі атты қолға үйретілуі – қазір бір секунтта мың шақырым жүріп өтерлік құрал жасап тапқандай әсер етті. Өркениеттің қаншалықты дамығанын көрмейсіз бе?!. Аттың қолға үйренуі – жаңа заманнің кілті іспетті болды. Сол жаңа заман осы емес пе?!

 

Атқа міну мәдениетін қалыптастыру – тілімізге де, ділімізге де, ұлттық болмыс-бітімімізге де оң әсер етері хақ. Ат туралы, ат спорты туралы танымал көкпаршы әрі жаттықтырушы Ерғали Тоқабаевпен аз-кем әңгіме өрбіткен едік. Мархабат!

 

Ruh.kz: Жылқымен қашаннан бері айналысып келесіз?

 

Ерғали Тоқабаев: Әкем жылқышы болған еді. Сондықтан көзімізді ашқалы көргеніміз – жылқы. Әкемнен қалған кәсіпті дөңгелетіп отырмын. Жылқы малын табыс көзі ретінде де, ұлттық ойындарды насихаттауға да қолданып отырмыз. Көкпармен әуестеніп, қалалық және республикалық додаларда бақ сынасып жүрдім. Қазірде «Көкпар» ойындарынан Ақмола облыстық жасөспірімдер мектебінде аға жаттықтырушысымын. Балаларым да көкпар шабады, шәкірт дайындайды.

 

Ruh.kz: Ат спортының кей түрі жаңа жаңғырып, қолға алынып жатыр. Солар туралы айта кетсеңіз?

 

Ерғали Тоқабаев: Қазір «Жамбы ату» ойыны жақсы дамып келеді. Сәдібек Түгел бастаған ел азаматтарының арқасында «Қазақстан Республикасы ат спортының» федерациясы құрылды. Федерация аударыспақ, көкпар, теңге ілу секілді біршама ойындардың қайта жаңғыруын, жалпы ұлттық сипат алуы үшін жұмыс жасап келеді. Бүгінде осы федерацияның ұйымдастыруымен жоғарыда тізілген ойындардан бөлек жамбы атудан да республикалық, халықаралық, Азиялық жарыстар өтіп тұрады.

 

Ат спортының «Көкпар», «Аударыспақ», «Теңге ілу» секілді түрлерімен айналысамын. «Жамбы ату» ойындарымен де әуесқойлықтан болмаса, нақты бапкер ретінде қолға алмаған едім. «Көкпарға» қарағанда «жамбы атумен» айналысқан әлдеқайда оңай. Бір кездері бәйгемен де айналысқанмын. Бәйгеде бір ат пен бір адамды ғана дайындайсың. Әрі кетсе үш ат пен үш адам. Сондықтан ең қиыны көкпар. Биыл біздің топта 52 адам бар. Бұның барлығын көкпаршы қылуым міндетті емес. Бірақ барлығына бірдей көкпардың не екенін жеткізе алсам, толық түсіндіре алсам, айла-тәсілдерін меңгерте алсам менің жұмысымның орындалғаны осы. Тарихтың, әдебиеттің айналасында жүргендер мен ауылдан шыққан бала болмаса Қазақстанның 60 пайызы көкпардың не екенін білмейді. Біздің ғасырлардан жеткен ұлттық ойынымыз футбол емес, хоккей емес – көкпар. Сондықтан көкпардың жалпы ұлттық сипат алып, жалпыға түсінікті һәм қызықты болуы үшін еңбек етеміз.

 

Ruh.kz: Көкпармен қашаннан бері айналысып келесіз?

 

Ерғали Тоқабаев: Кәсіп ретінде көкпарға адам мен ат баулып жүргеніме 10-15 жылдай уақыт болды. Қазақстан чемпионаттарына да қатысып, екі жыл қатарынан үшінші орынды місе тұттық. Одан соң облыстық орталыққа ауысып, сол орталық атынан қатысып тағы да сол үшінші орынды тағы да екі жыл ұстап қалдық.

 

Жастар арасында екінші орынды да, ЕХРО – 2017 көрмесі кезіндегі аударыспақ ойындарынан біздің шәкірттер жеңімпаз болып та жүрді. Бізден тәлім алған жігіттер республикалық, халықаралық додаларда ел намысын жыртысып жүр. Ерлан Қанафин, Данияр Оспанов сынды жігіттер де менің шәкірттерім.

Ruh.kz: Көкпарға дайындықты қалай жүргізесіздер?

 

Ерғали Тоқабаев: Баланың ширақтығына, атта отыра алуына, серкені көтере алатынына қарап топтың қандай мүшесі боларын анықтаймыз. Аттарды 3-4 жасынан бастап дайындаймыз. Өзіміз өсіреміз. Өкінішке орай жабағы кезіндегі мүшесіне, тұр-тұрпатына қарап таңдалған аттардың, өсе келе шаппай қалатыны болады. Он аттың екеуі ғана шабатын, бір ойыннан мысы құрыған соң келесі ойында шаппай қалатын аттар да болады. Аяғын ауыртып алатындар да, жарақат алып қалатындар да болады. Олардың кейбіреуі емделсе де, кейбіреуі емделмей жатады. Көкпарда адам атты, ат адамды түсініп ойнайды. Жалпақ тілмен айтқанда адам мен ат бір бүтін болып кетуі керек-ті. Адамның ойындағы, алаңдағы позициясына қарай аттары да сол позицияға сай дайындалады, іріктеледі. Көкпарға мінілетін аттардың тамақтануы да басқаша. Нақты мынаны-мынаны береміз деп айтпай-ақ қояйын, бірақ тамақтануы мен тамақтану мерзімі де ерек екенін тағы ескеру керек.

 

Ruh.kz: Жылқы ұстау тиімді ме?

 

Ерғали Тоқабаев: Егер табыс көзі ретінде, қымыз бен ет ретінде ғана ұстаса әрине тиімді. Ал бізде, яғни спорттық құрал үшін ұстау әрине қиын да тиімсіз. Әзірше тиімсіз деп ойлаймын, сенемін. Көкпарға дайындаған жылқының тұтынатын жем-шөбі басқа, лайықты күтімі де бір басқа. Оның үстіне қазір шетелден мал әкелу жиілеп кетті. Шетелден әкелінген малдардың немен ауыратынын, оның қалай емделетінін зерттеп, білгенше айтарлықтай уақыт өтіп, кешігіп қалып жатамыз. Ол індеттер басқаларға да жұғып, иелерін әбігерге салып қоятын кездері де болады. Ауыл шаруашылығын, мал шаруашылығын дамыту мақсатында жасалған жобалық бағдарламалар мен жеңілдіктер бар. Бірақ, жылқыға арналған бағдарлама жоқ. Атқа міну мәдениеті қалыптасу үшін, қайта жаңғыру үшін ауыл тұрғындарының жылқы ұстайтын мүмкіндіктері болуы керек. Ондай мүмкіндіктер болуы үшін жүйелі жобалық бағдарламалар мен, жеңілдіктер болуы керек.

 

Ruh.kz: Аттарды емдік қасиеттері үшін пайдаланатындар бола ма?

 

Ерғали Тоқабаев: Бір жылы болды. Ауылдағы бір жігіт баласын аттың көмегімен емдегісі келіп, аттарды алып, баласын мінгізіп жүрді. Естуімше бұл ем болып, баланың денсаулығы жақсарған секілді. Тұлпарда аптаның әрбір сейсенбісі балаларды денсаулығына байланысты атқа мінгізіп, емдеп жүреді. Атпен емдеу баланың бейсанасын оятып, кей қимылсыз дене мүшелеріне жан бітіреді деп саналады.

 

Ruh.kz: Қымызды қалай ыстайсыздар?

 

Ерғали Тоқабаев: Қымызды ескіше қолмен сауамыз, тобылғымен күбіде ыстаймыз, қолмен пісеміз. Электронды технологияларды ұстамауға, бәрін бәз баяғыша істеп, табиғи да таза өнім аламыз. Содан да шығар ауыл тұрғындары мен таныс-білістеріміздің кейбірі келіп, жаңа сауылған бие сүтін емдік үшін ішіп жатады. Табиғилығы бар қымыз болған соң, белгілі бір емдік қасиеті де бары анық. Біреулердің саумал дейтіні сүт қана. Шала ашыған қымыз ғана саумал болса керек-ті. Одан соң асау қымыз, жуас қымыз, құнан қымыз деп бөлінетін түрлерімен де таныспын. Бұл саламен үлкендердің үйретіп кеткен жолымен ыстап, ашытқанымыз, айналысқанымыз болмаса, кәсіп қылып, бұны зерттеп, анықтап, бірнеше түрін ашытумен айналыспаймын.

 

Ruh.kz: Атқа міну мәдениетін қалыптастыру үшін неге көңіл бөлінуі керек?

 

Ерғали Тоқабаев: Атқа міну мәдениеті дегеніміз ат ұстаумен, атқа мінумен, атпен шабумен шектелмейді. Атқа міну мәдениетін қалыптастыру үшін әуелі атты зерттеп, меңгеріп алғанымыз абзал. Одан соң аттың әбзелдерін дұрыс танығанымыз абзал. Атқа қатысты қаншама терминдерді шаң басып жатыр. Осылардың барлығын қайта қолданысқа енгізу керек. Жүйе керек. Жүйелі іс керек. Құр ұраннан, атты жақсы көргеннен түк шықпайды. Идеология керек. Отанға қызмет еткісі келетін, елге, қазаққа қызмет еткісі келетін адамдар осындай жүйелі істің басына келуі керек. Мемлекет көтерген бастама халықтан қолдау тапса керек. Сонда ғана ат та, атқа міну мәдениеті де дұрыс насихатталып, дұрыс қалыптасады.

 

Ruh.kz: Сұқбатыңызға рақмет! Еңбегіңіз жемісті болсын! Қанжығаңыз қашанда майлы болғай!

 

P.S. Көкпар алаңының ортасындағы қазандықты алып тастау туралы дау бар. Қазақ та, Өзбек те, басқасы да осы қазандыққа қарсы. Себебі: мертігу, жазым болу, сүйек сындыру, тіпті мерт болу да осы қазандықтың салдарынан. Десе де, қазандықсыз көкпар – көкпар емес, жігіттердің ойыны емес дейтіндер де табылады. Сонда, өліп кету қаупі жоқ, сүйек сынбайтын, ешкім жазым болмайтын ойын – жігіттердің ойыны емес пе? Міндетті түрде ойнап жүріп мерт болу керек пе? Мерт болу қаупі бар ойындар ертеде Римде де болған. Бірақ ол ойындарды құлдар ойнайтын еді. Ал көкпар қазақтың ойыны емес пе?!.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button