Мақала

Ұлт қазынасы – бірлік

Ақтаудағы Достық үйінде осындай тақырыппен этно-мәдени бірлестіктер өкілдері бас қосқан қызық шара өтті.

 

Сындарлы қоғамдық диалог — Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі ретінде, «Қазақтану» ғылыми-ағартушылық жобасын іске асыру бойынша ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойын ел ішінде кең ауқымда насихаттап, оның маңыздылығын арттыру, этно-мәдени бірлестіктер арасында қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрпының тәрбиелік мәнін ұғындыру, қоғамда адамгершілік қасиеттер мен бірлікті қалыптастырып, халық өнегесін дәріптеуге арналған бұл шара сайыс түрінде ұйымдастырылды.

Ортаға қазақ ауылын бейнелейтін сахна іспеттес киіз үй құрылып, іші көрпе-төсек, текемет, алаша, сандық, домбыра секілді ұлттық бұйымдармен жабдықталған. Дастархандар қазақтың ұлттық тағамдарына толы. Абыройлы ауыл ақсақалы Абай ата шаңырағында өткелі отырған үлкен мереке қазақы салт-дәстүрмен бейнеленді. Шара барысында Абай атамыз Бейбіт есімді немерелі болып, соның өмірге келуінен бастап шаңырақ көтергенге дейінгі өмірінде болатын қуанышты сәттеріне байланысты салт-дәстүрлерді өзге ұлттар өкілдері қисынды көрсете білді. Бұл көріністердегі рольдерді облыстағы жиырма ЭМБ өкілдері 4 ауылға бөлініп, рет-ретімен ұсынды. Яғни «Келісім» аулының бесікке салу, «Бейбітшілік» аулының тұсау кесу «Бірлік» аулының құда түсу және «Ынтымақ» аулының беташар дәстүрлерін көрсетуі әсерлі болды.

 

Ұлттық салт-дәстүр көріністерін тамашалаған этномәдени бірлестіктер өкілдері, өңірлік «Жаңғыру жолы» жастары, облыстық Ассамблеяның журналистер клубының мүшелері, аналар кеңесі, ҚХА кәсіпкерлер қауымдастығы, ауылдың белсенді ақсақалдары мен әжелері ризашылықтарын білдірді.

 

– Бүгінгі бас қосу Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» ғылыми-ағартушылық жобасын іске асыру бойынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауы және ұлы Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы, Қазақстан халқының тілдері күні аясында ұйымдастырылды, – деді Маңғыстау облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Гүлжан Исмурзина.

 

– Ал жобаның басты мақсаты – Қазақстан этностарының арасында қазақ халқының тарихын, дәстүрлерін, гуманитарлық және адамгершілік принциптерін дәріптеу. Сондай-ақ этнос түріне қарамастан, қазақстандықтардың ортақ мәдени коды – біртұтас құндылықтары мен жалпыұлттық тарихи сана негізінде халықтың бірлігін нығайтуды көздейді.

 

Байқау соңында қатысушылар арнайы дипломдармен марапатталып, қазақи үлгідегі ескерткіш сыйлықтар табысталды.

 

Маңғыстау облысы,

«Рухани жаңғыру» жобалық офисі

Басқа материалдар

Back to top button