Мақала

«Жомарт Жүрек». Ең мейірімді жандар анықталды

2019 жылы 12 желтоқсанда Нұр-Cұлтан қаласында «Жомарт Жүрек» байқауының лауреаттарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті.

«Жомарт Жүрек» сыйлығы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен ұйымдастырылып отырған бірегей жоба. Сыйлықтың негізгі мақсаты – қайырымдылық қызмет идеяларын, меценаттықты және филантропияны насихаттау.

 

 

Сыйлықты тапсыру рәсіміне туған жерін, өскен өлкесін дамытуға қатысқаны үшін бизнес-құрылымдардың, ҮЕҰ, еріктілер мен қайырымдылық көмек көрсетушілер арасынан барлығы 50 өкіл марапатталды. Соның ішінде оларға табыс етілген сыйлық «Жыл меценаты», «Жыл тұлғасы», «Туған өлке», «Ерен ерлігі», «Үздік ұйым» аталымдары бойынша болды.

 

Номинанттардың кейбірінің жүрекжарды пікірін тыңдаған едік. Кезек берелік.

 

Сырым Ертаев: «Жомарт жүрек» байқауының лауреаттарын салтанатты марапаттау рәсімі керемет ұйымдастырылған екен. Біз алдын-ала еңбегіміздің барлығын мұндай дәрежеге жетіп, алғыс хатқа ие боламыз деп істеген жоқпыз. Елдің азаматы болғандықтан кейінгі ұрпағымызға, мемлекетімізге көмектесу мақсатында болды. Яғни біз жас баламен жесір қалған қыз-келіншектерге, күйеуі қайтыс болып, үйсіз қалғандарға қол ұшын созып, өзіміздің азамат екенімізді білдіріп жүрдік. Нәтижесінде мынадай айтулы марапатқа ие болдық. Осы сәтті пайдаланып министрлікке зор алғысымызды айтамыз».

 

Бақытжан Ержанов: «Әйтеке би бабамыз: «Бай болсаң, халыққа пайдаң тисін, батыр болсаң, дұшпанға найзаң тисін», – деп айтып кеткен ғой. Біз де халыққа қолымыздан келгенше пайдамызды, көмегімізді тигізіп отырмыз. Сол үшін болар, бізді «Жомарт жүрек» сыйлығына ұсынып отырғаны. Ұйымдастырушыларға, Елбасына, Президентімізге және министрлікке үлкен рақметімізді білдіреміз. Барлығына көңіліміз толды».

 

Ләззат Алшынова: «Біз екі жыл бойы балаларға арналған инклюзивті ойын орталығын салдық. Бұл мемлекетіміз емес, қоғамның өзі салған дүние. Қаражат жағын көтерушілердің қатарында кәсіпкерлер, қарапайым кісілер, тіпті үй шаруашылығындағы адамдар да болды. Біз бір ауыздан үлкен мақсатқа жетуге болатынын көрсете алдық деп ойлаймын. Бір ел болып ауқымды дүние істеп шығуға болады. Оған халықтың күші жетеді. Бүгін, міне, қаншалықты көп адам бір-біріне жақсылық істеп, сүйіспеншілікпен қарап жатқанын көріп отырмыз. Сол жасалған жақсылықтарды естіп, көзіммен көргеніме жүрегіммен қуанып тұрмын». 

 

Айта кететін жайт: Әр номинация бойынша «Жомарт жүрек» сыйлығының 10 лауреаты марапатталды. Жеңімпаздар http://jomartjurek.com сайтында ашық дауыс беру қорытындысы бойынша анықталған болатын.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button