Мақала

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Айтеновке сұрақ

ТМД елдері мәдени астанасының тарихи-мәдени орындары, киелі жерлері жайында. Бағдарламаның жастар арасында түсіндірілуі мен насихатталуы туралы өңір басшысымен сұқбат.

Ruh.kz: «Рухани жаңғыру» бағдарламасын мектеп оқушысына қалай түсіндірер едіңіз?

 

Мұрат Айтенов: Рухани құндылықтар адам баласының бойына бала кезден, ана сүті, ана тілі арқылы, адамгершілік негіздері ретінде, өз елінің тарихын, мәдениетін, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін білу, тани түсу арқылы орнығады. Сол кезден ұл-қызымыздың өзіне жауапкершілік жүктеледі. Бұл әрбір тұлғаның азаматтық ұстанымын, қоғамдағы орнын, отаншылдық қасиетін, санасының ашықтығын қалыптастырады. Сондықтан, адамзат құндылықтарының мәні руханият пен рухани құндылықтар екенін біз, үлкендер, сөзбен емес, ісімізбен көрсетіп, балаларымызды Отанын сүюге, елінің нағыз патриоты болуға бағыттауымыз керек. Білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жететінін ұғындырсақ ұтамыз. Елбасының болашақты бағдарлап көрсеткен мақаласының түйіндерінің негізі осы деп ойлаймын. Мәселен, Қазақстанда тұңғыш рет мектеп оқушылары арасында батырлар жырын жатқа айтудан «Жақсылар, дастан айтайын…» атты облыстық байқауы осыдан үш жыл бұрын Шымкентте өткен болатын. Қазіргі таңда бұл сайыс қаламызда дәстүрлі түрде және еліміздің өзге де аймақтарында да ұйымдастырылуда. Жобаның мақсаты – рухы мықты, намысты, қайсар азамат тәрбиелеу, өскелең ұрпақты қазақ халқының рухани құндылықтарына сусындатып, отансүйгiш етiп өсiру. Батырлар жырын жаттап өскен баланың жат елдердiң идеологиясына бой алдырмайтынын ата-аналарға ұғындыру болған. Осылайша «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауы жыл сайын өткізіліп келеді. Бір қуанарлығы, жылдан-жылға қатысамын деуші балалардың қатары артып отыр. Сондай-ақ үшінші мегаполисте балалары қоғамда елеулі жетістікке жеткен, көп балалы зейнеткер отбасылар арасында дәстүрлі «Үлгілі отбасы» байқауы да тұрақты түрде өткізіліп келеді. Байқау Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы ұлттық бірегейлікті сақтау такырыбы аясында ұйымдастырылған. Одан бөлек жазғы демалыста шымкенттік жас өрендер киелі орындарға саяхат жасап, елжандылық сезімін нығайтуда. Ішкі саясат және дін істері басқармасының ұйымдастыруымен жаз айларында мектеп оқушылары Ибрагим ата, Қарашаш ана, Әбділ Азиз баба, Мірәлі баба, Қазы Байзауй, Қыз әулие кесенелері, Қызыр мұнарасына барып, өңірдің тарихи-киелі орындарымен танысып тұрады. Міне, осының бәрі – «Рухани жаңғыру». Бүгінгі жастар – ертеңгі болашағымыз. Біз жастарды осындай тарихи орындарды аралауға баулып, олардың бойында патриоттық тәрбиені нығайтамыз. Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласының негізгі тұстарының бірі – «Туған жер» жобасы аясында жазылған «Өлкетану» оқулығының арнайы таныстырылымы өтіп, мектеп бағдарламасына енгізілді. Мектеп бағдарламасындағы «Қазақстан тарихы» пәніндегі өңірге тиісті тақырыптарды аталған географиялық аумақта оқыту арқылы өлке тарихы мен ұлттық құндылықтарды қадірлеуге бағытталған шаралар қабылданды. Кіші бағдарлама аясында қаладағы 75 мектепте робототехника кабинеттері ашылды. 94 мектепте робототехника кабинеті техникалық құрал жабдықтармен қамтылды.

 

Шымкент қаласының ішкі саясат және дін істері басқармасы мен «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасы ұйымдастырған «Кітап оқып, рухани бай бол!» байқауын да ерекше атап өткен жөн. Оқырман қауымның танымын кеңейтіп, өресін биіктету мақсатында ұйымдастырылған сайысқа мектеп оқушылары белсенді түрде атсалысты.

 

Ruh.kz: Тарихи-мәдени мұраларды насихаттау бағытында қаланың қосқан үлесі туралы толығырақ айта кетсеңіз?

 

Мұрат Айтенов: Тарихи-мәдени мұраларымызды насихаттап, жастарға патриоттық тәрбие беру мақсатында «Шымкент қаласының киелі орындары», қаланың туристік әлеуеті туралы бейнероликтер түсіріліп, көпшілік назарына ұсынылды. Жалпы, қаладағы 7 тарихи-мәдени ескерткіштер республикалық маңызы бар қасиетті, киелі жерлердің тізіміне, ал 8 нысан жергілікті маңызға ие орындар қатарына енді. Шымкент қаласының киелі орындары: «Ибрагим ата», «Қарашаш ана», «Әбдул Әзиз баб», «Мірәлі баба», «Қожасалық» кесенелерінің аумағын қоршау, көріктендіру жұмыстары жүргізіліп, инфрақұрылымы реттелді. «Қошқар ата» жобасы бойынша өзен жағалауы абаттандырылып, қаланың тарихи даму кезеңін қазіргі уақытпен ұштастыратын заманауи қалашық және туристік аймақ ретінде дамыту шаралары жүзеге асырылуда. Қаладағы қасиетті, киелі орындар мен туристік маңызы бар ескерткіштердің көбіне QR кодтар орнатылды. Бұл жұмыс биыл да жалғасады. Қала көшелерінде киелі орындардың тарихи деректері мен сипаттамасы бейнеленген 27 баннер ілінді. Жергілікті телеарналарда 21 бейнеролик көрсетілді. Сонымен қатар, Бағдарлама аясында өзге өңірлермен ақпарат алмасу мақсатында Шымкент қаласының көшелерінде Қызылорда, Жамбыл, Түркістан өңірлерінің киелі жерлері туралы баннерлер ілініп, бейнероликтер көрермен назарына ұсынылды.

 

Тарихи-мәдени мұраларды насихаттау жұмыстары бойынша Шымкент қаласының даму тарихын бейнелейтін «Цитадель» (Ескі қаланы жаңғырту) кешенін айтуға болады. Ескі қалашық аумағына зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл аумақта көне археологиялық парк кешенін мұражай етуге бағытталған ауқымды істер қолға алынды. Қазба жұмыстары толық аяқталған соң мұнда ашық аспан астындағы музей, амфитеатр ашылады. 2020 жылы «Шымкент – ТМД елдерінің мәдени астанасы» болып жарияланды. Осы жылғы ауқымды іс-шаралардың бірі – дәл осы тарихи маңызы зор нысандардың ашылуы болмақ. Қала тұрғындары мен қонақтарына арнап, қаланың көрікті жерлері мен киелі орындарына саяхат ұйымдастыру мақсатында туристік автобустардың маршруты ұйымдастырылды. Соңғы бір жылда қала аумағындағы киелі, тарихи орындарды 6315 турист тамашалап, музей, галереяларға 69 мыңнан астам адам келген. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда 21 пайызға арттық көрсеткіш.

 

Ruh.kz: Сіздің өңірдегі заманауи мәдениет туралы не айтасыз?

 

Мұрат Айтенов: Өткен жылы қаламызда «Ұлы дала хикаялары» атты заманауи өнер туындыларының жылжымалы көрмесі ашылды. Төрт экспозиция залына жасақталған өнер иелерінің шығармаларына Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы арқау болды. Шымкент қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен ашылған көрмені 15 наурыз бен 5 мамыр аралығында 12 мың адам тамашалады. Маусым айында «OLD WORLD ORDER / NEW WORLD ORDERS» атты британдық суретшілердің көрмесі өтті. Бейнелеу өнері музейінде көпшілік назарына ұсынылған жұмыстар материалдық және материалдық емес мәдени мұра, қазіргі заманғы мәдениет, жалпы сәйкестік және қоғамның ынтымағы тақырыптары қамтылған британдық суретшілердің жұмыстары шымкенттік тұрғындар мен қала қонақтарына таныстырылды.

 

Өзбекстан астанасы Ташкентте Қазақстанның Өзбекстандағы жылы аясында «Шымкент – шырайлы шаһарым!» атты мәдениет күндері өтті. Бір күндік іс-шара болса да маңызын мың күнге дейін айта жүрер мәнді басқосу болды деп айта аламыз. Шымкент пен Ташкент – бұрыннан дастарханнан дәм-тұзы бөлінбеген бауырлас дос қалалар. Ташкент – талай Алаш арыстарының, ақындар мен ғұламаларымыздың ізі қалған шаһар. Мәдени күн Ә. Науаи атындағы Ұлттық кітапханада Қазақстан мен Өзбекстан ақын-жазушыларының «Түркіден тартқан тамырын…» атты шығармашылық кездесуінен басталып, іс-шара салт-дәстүрге арналған қолданбалы қолөнер бұйымдары мен тақырыптық кітап көрмесіне ұласты. Бауырлас елдің достастығын дәріптейтін шара Өзбек Ұлттық академиялық драма театрында «Шымкенттен шашу!» атты гала-концертпен жалғасын тапты.

 

Өзбекстан Республикасында Қазақстан жылына орай ұлтаралық татулықты нығайту мақсатында Шымкент қалалық өзбек драма театр ұжымының Өзбекстан Республикасына гастрольдік іс сапары ұйымдастырылды және маусым айында Ресей Федерациясының Қырым қаласына гастролі, Қостанай қаласында өтетін Ұлттық театрлар фестиваліне қатысқанын айтуға болады.

 

Сонымен қатар, қыркүйек айында Өзбекстанда өткен Шымкент қаласының мәдениет күніне орай, Ж. Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры, Шымкент қалалық өзбек драма театрының гастрольдік іс-сапары да ұйымдастырылды.

 

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру мақсатында Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы тарапынан бірнеше ауқымды жобалар іске асырылды. Мәселен, «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» арнайы жобасы аясында 2019 жылы театрлар шетелдік шығармашылық ұжымдарымен меморандум жасасып, гастрольдік сапарлары ұйымдастырылды. Атап айтсақ, «Шымкент цирк» наурыз айында Индия мемлекетінде өткен джаз фестивальге, мамыр айында Нұр-Сұлтан қаласына, орыс драма театры наурыз-сәуір айларында Ресей Федерациясының Санкт-Петербург, Байқоныр, Нұр-Сұлтан, Көкшетау қалаларына гастрольдік іс-сапарда болды.

 

Ruh.kz: Сіздің өңірдің мақтан етер батырлары мен замандастары туралы айтып кетсеңіз?..

 

Мұрат Айтенов: Шымкент өңірінен шыққан аты алашқа әйгілі ақын да, жазушы да, батыр да, спортшы да, қоғам қайраткерлері, өнер адамдары да өте көп. Солардың бірі спорт саласында еліміздің туын көкке көтеріп, төркүл дүниеге танытқан спортшы Әлия Жүсіпованы мақтанышпен айта аламыз. Көркем гимнастика бойынша спорт шебері. 2010 жылдан бері көркем гимнастикадан ҚР құрама командасының аға жаттықтырушысы, дүниежүзілік дәрежедегі төреші. Әлия Қазақстан қоржынына Азия чемпионатынан 12 алтын медаль, Азия ойындарынан 2 алтын және 2 күміс, Бүкіләлемдік ойындардан 1 күміс медаль және Жазғы универсиададан 4 қола медаль салды. Бүгінде спортшының Шымкентте жеке гимнастика өнер мектебі бар. Болашақ олимпиада чемпиондары дәл осы мектептен шығарына үміт мол.

 

Қазақстандық Жансая Әбдімәлік 20 жасқа дейінгі шахматшылар тізімінде көш бастап тұр. Жансая не бәрі 8 жасында әлем чемпионы атанған. Ол бүгінде Германияның әлемге әйгілі «Баден-Баден» клубымен жұмыс істеуде. Классикалық шахматтан да, жылдам шахматтан да әлем чемпионы атанған ең мықты шахматшылар қатарында біздің жерлесіміз бар екені қуантады, ал жастарға тамаша үлгі.

 

Одан өзге үшінші мегаполистің танымал тұлғаларының қатарына Сәбит Оразбай, Мұхтар Шаханов, Асанәлі Әшімов, Дулат Исабеков,  Сатыбалды Нарымбетов, Көпен Әмірбек, Нұржамал Үсенбаева, Татьяна Бурмистрова, Мекемтас Мырзахметов, Мархабат Байғұт, Нармахан Бегалы, Ханбибі Есенқарақызы, Әселхан Қалыбекова, Бақытжан Алдияр, Игорь Вербицкий сынды қоғам және өнер майталмандарын атап айтар едім.

 

Ruh.kz: Еңбектеріңізге жеміс, жоспарларыңызға сәттілік тілейміз!

 

Ескерту: сұқбат Шымкент қаласы «Рухани жаңғыру» бөлімінің көмегімен дайындалды.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button