Мақала

Мұздай судың қандай емдік қасиеті бар?

Мұздай судың қандай емдік қасиеті бар?

Шынықсаң, шымыр боласың. Бұл – кейіпкеріміз Айбек Малтүгеловтың ұраны. Ruh. kz порталының тілшісі мұздай суға шомылуды күнделікті әдетке айналдырған жас жігітпен әңгімелесіп, оның сүйікті ісі туралы егжей-тегжейлі біліп қайтты.  

Айбек Малтүгелов қыс мезгілінде көлде жүзуді бекерден бастамаса керек. Денсаулығы сыр берген соң, жас жігіт суықты сезу арқылы ем қабылдауды жөн көрген.

«Күн сайын таңертең үстіме мұздай суды құямын. Мұны әдетке айналдырғаныма бес жыл болып қалыпты. Осылайша мен ауруымнан арылуға бел будым. Осы бес жылдың ішінде тұмауға да шалдығып көрмеппін. Ал бүгін суық сусыз күнімді елестете алмайды екенмін. Қысқы кезеңде бір-екі сағат болса да, көлге барып, шомылып келуге тырысамын», – дейді Айбек.

Ия, жас жігіттің кестесінде спортсыз өткен күн жоқ. Ол денесін шынықтыруға күніне бір-екі сағатын бөледі, түрлі жаттығулар жасайды, жаяу жүреді, әр екі күн сайын жүгіреді. Ал суға деген сезім бәрінен де айрықша.

«Суға түскенде жағымсыз энергиядан арыламын. Өмірге жаңадан келгенімдей күй кешемін.

Адамдар қыста көлге түскенімді көргенде таң қалады, бұл ісімді құптамайтындығын айтады. Жылылық зиян келтіруі мүмкін. Ол бізді әлсіз етеді. Ал суық шипа бола алады. Оны тек бірте-бірте тану керек. Қандай істі бастасаң да, асықпау керек», – дейді Айбек Малтүгелов.

Айбектің ізін басып, оның әдетін ермек етпекші жандарға тәжірибесі мол жігіттің айтар кеңестері де жоқ емес.

«Үстіңе мұздай суды бір рет құйып жібергеннен ештеңе өзгермейді. Бірақ өз-өзіңе деген сенімділік оянады. Қолыңнан бәрі де келетіндігіне көзің жетеді. Әлбетте, ең біріншіден, бұған психологиялық тұрғыда дайын болуың керек. Мұздай судың сіздің өміріңізге не үшін қажет екендігін түсіну керек. Қажетті ақпаратпен алдын ала жарақтанғаныңыз жөн. Кей кезде дәрігердің кеңесі де артық болмайды», –  дейді ол.

Талап – талмас қанат демекші, Айбек Малтүгелов биыл күзде Алматы маңындағы Көлсай мен Қайыңды көлдерін жүзіп өтпекші. Тіпті, Ironman, Okeanman сияқты халықаралық деңгейдегі жарыстарға қатысып, жүлделі орынға ие болуды мақсат етеді. Жас жігіттің осы мұратына жетуіне біз де тілекшіміз!

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button