Мақала

Алға жетелер күш - балаларым

Қазіргі таңда елордадағы Bilim All орталықтарында шамамен 350 оқушы білім алады. Көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларда тәрбиеленетін балаларға арналған оқу орталықтары бүгін Байқоңыр және Сарыарқа аудандарында жұмыс істейді. Мұнда бөбектерге арналған ұзартылған күн тәртібі бойынша жұмыс істейтін топтар, орыс, қазақ және ағылшын тілдерінен, математикадан білім беретін курстар, шахмат үйірмесі, көркемсурет шеберханасы, гитара мен домбырада ойнауды үйрететін үйірмелер бар. Bilim All орталықтарында ағылшын тілінен білімді оқушылар тегін алатындығын айта кету керек.  Мұндай әлеуметтік бастаманың жүзеге асуына Райгүл Серкібаеваеның жетекшілігімен өткен жылы құрылған «Strong mothers» қоғамдық қоры мұрындық болды. Жарты жыл ішінде орталықтар қызметінің сұранысқа ие болғаны соншалық, елорданың Алматы және Есіл аудандарында тұратын көпбалалы отбасылар осындай орталықтардың өз аудандарының аумағында ашылуын тағытсыздана күтуде.

«Біз – көпбалалы аналар Ұлжан Мырзагелдиева, Жанар Исанова және мен бірлесіп, 2020 жылы  «Strong mothers» (Мықты аналар) қоғамдық қорын құрдық. Қордың қызметі түрлі бағыттарды қамтиды. Жұмысымыздың басты мақсаты – көпбалалы отбасылардағы балаларға лайықты да жартылай тегін қосымша білім беру.

Қазіргі заманның талабы да сол. Өзінің халыққа жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев та аталмыш мәселеге ерекше көңіл бөлген болатын. Ол түрлі үйірмелер мен секциялардың қолжетімді болуын тапсырған еді.

Алғашқы орталықты біз Байқоңыр ауданында аштық. Кейін пандемия басталып кетті. Шілдеде жұмыс істеуге рұқсат берген кезде мен 70 балаға ағылшын тілінен тегін сабақ бере бастадым. Содан соң аналардың өтініші бойынша Bilim All орталығы Сарыарқа ауданында тұратын көпбалалы отбасылардың балалары үшін есігін айқара ашты. Тәжірибе көрсеткендей, бұл – көмекке мұқтаж отбасыларға деген үлкен демеу. Бүгінгі таңда Байқоңыр ауданындағы орталыққа шамамен 150, Сарыарқа ауданындағы орталыққа 100 оқушы келеді. Ал Есіл және Алматы ауданында тұратын көпбалалы аналар маған күн сайын хабарласып, мұндай орталықтардың өз аумақтарында қашан ашылатындығын білгісі келеді. Осы ретте жуырда Есіл ауданының тұрғындарын қуантатын жайымыз бар. Алдын ала жоспарымызға сәйкес біздің орталық осы айдың соңына дейін Жағалау шағын ауданында жұмысын бастайтын болады», – деп мәлімдеді Райгүл Серікбаева.

Орталықтарда аналардың өздері де елеусіз қалған жоқ. Мұнда бірнеше айдың көлемінде көпбалалы аналар сандық сауаттылығын арттырған-ды. Көмектің мұндай түрі әйелдердің электронды мемлекеттік қызметтерді өз бетінше ала алуы және қажетті жәрдемақыларды ресімдей алуы үшін көрсетілген. Сондай-ақ, қорда азаматтар үшін заңгерлердің кеңесін алуына жағдай жасалды. Ал жақында Bilim All орталықтарында ағылшын тілін меңгеруге бел буған аналар топтары да құрыла бастады. Аталған қызметтердің барлығы тегін көрсетілсе керек.

«Біз ҮЕҰ ретінде гранттарға ие болуға мүмкіндік беретін бірнеше конкурсқа қатыстық. Жұмыс істеген қысқа мерзімге қарамастан қорымыз екі грантты ұтып алды. Бірінші грант әлеуметтік жағынан осал топтарға жататын отбасылардың балалары үшін елордадағы көрікті жерлерге саяхат ұйымдастырумен байланысты болды. Жаз айларында біз балаларды қаланың зәулім ғимараттарымен, мәдени ескерткіштерімен таныстырып, қала тарихынан құнды мағлұмат бердік.

Екінші грант көпбалалы аналардың компютерлік сауаттылығын арттыруға бағытталған. Біз әйелдерге жалға берілетін тұрғын үйлерді алу кезегіне тұруға, қажетті құжаттарды жинауға,  ЭСҚ алуға көмектестік. Ал кей адамдар мұндай қызметтер үшін ақша төлеуді талап етеді. Олар қызмет құнын көрсетіп, түрлі хабарландыруларды таратады. Ал әлеуметтікк жағынан аз қамтылған отбасыларда әр тиын есепте. Көмектің осы түрін көрсете бастағанымызда көпбалалы аналар қаланың әр шетінен бізге ағылды. Біз олардың атынан тиісті құжаттарды ресімдеп, тұрғын үй қорына жолдадық. Осы ретте көмегіміз тиген отбасылардың тізімін де құрдық. Олардың бес-алтауы бүгін баспаналы болды. Бұл отбасылардың үйінде мен – бас қонақпын, маған өз алғысын үнемі білдіріп отырады.

Бұдан бөлек, көмегімізге жалғызбасты аналар жиі жүгінеді. Олардың көбі үшін балалардың күтімі, оларды асырау қиынға соғады. Мұндай аналарға заңгерлердің көмегі аса қажет. Осы сияқты мәселелерді шешуге де септігімізді тигіземіз.

Сонымен қатар, біз көпбалалы аналар үшін ағылшын тілі курстарын ұйымдастырдық. Бәрі де тегін. Ең әуелде ағылшын тілін меңгеруге жиырма шақты ана ниет білдірген болатын. Ересек адам болғандықтан, олар сабақтарға үнемі көңіл де, уақыт та бөле алмайды. Десек те, кей аналар ағылшын тілінің базалық ережелерін білгісі келеді, балаларына түсіндіргісі келеді», – дейді мұғалім.

Райгүл Серікбаева жас мамандарды да қолдайды. Оқуын жаңа ғана тәмамдаған жоғары оқу орындары мен колледждердің түлектері «Strong mothers» қоры ашқан орталықтарда өз еңбек жолын бастап, тәжірибесін арттыруда. Бүгінгі таңда қор жиырмаға жуық жас мұғалімді жұмыспен қамтып отыр.

Осындай әлеуметтік жобаны табысты іске асырудың артында қажырлы еңбек, шыдам мен тағдырдың талай тәлкегі бар. Өмірдің соқпақтары мен қиындықтары біздің кейіпкерімізді талай мемлекеттік ұйымның табалдырығын тоздыруға мәжбүр етті. Осыдан бірнеше жыл бұрын Райгүлдің жұбайы ауыр дертке шалдығып қалса керек. Оған мүгедектікті растап, дәрі-дәрмекке жеңілдіктерді ресімдеу қажет болатын. Көпбалалы отбасылардың осыған ұқсас оқиғалары кейіпкерімізді бей-жай қалдыра алмады. Сол кезде ол көмекке мұқтаж адамдарға жәрдем қолын созуды жөн көрді.

«Қалада әлеуметтік бағыттағы жобаны ашу бұрыннан-ақ ойымда еді. Мен аналардың жан айқайын көрдім десе де, болады. Олар, қосымша сабақтар, секциялар, үйірмелер үшін төлейтін қаражаты болмаған соң, балаларын ешқайда бермейді. Мен оларға қалай көмектесе аламын деп ойладым. Мендегі байлық білім мен тәжірибе ғана. Мұқтаж жандарға тек осы арқылы көмектесе аламын.

Жергілікті атқару органдармен жүргізілген келіссөздер барысында көпбалалы аналар активін құру жөніндегі шешім қабылданды. Ол аналардың ішінде мен де бармын. Әр ауданда үш әйелден жұмыс істей бастадық, бір командаға айналдық. Біз мұқтаж жандарға волонтерлік көмек көрсеттік, азық-түлік, киім-кешек тараттық.

Кейіннен мен, Ұлжан, Жанар үшеуміз қосылып, қоғамдық қорды құрдық. Бұл келіншектер маған зор сенім артқан, күні бүгін қолдап жүрген адал жандар. Қазіргі таңда біз қаладағы үздік ҮЕҰ-дың қатарындамыз да», – дейді Райгүл Серікбаева.

Әріптестері Райгүлдің парасаттылығын, мейірімділігі мен қарапайымдылығын ерекше атап өтеді. Бикештің айналасындағылар оны қоғам өміріне белсене араласатын, әділ де қайырымды, ақкөңіл жан ретінде таниды. Тіпті мұны өз пайдасына асырған адамдар да болыпты. Бойында қалыптасқан жақсы қасиеттері үшін, алған тәрбиесі үшін Райгүл өз ата-анасына риза. Олар кейіпкерімізге кез келген жағдайда мықты болуды, жақынға қамқорлық танытуды үйретті.

«Көп нәрсе тәрбиеге байланысты. Мектепте мен соңғы болып комсомол ұйымына төрағалық еттім. Қала мектептері арасында өтетін сән, ән байқауларында, спорттық жарыстарда біздің оқу ордамыздың намысын бермеуге тырыстым. Өз лауазымыма сай болу – міндет.  

«Тимурдың командасында» болдым. Біз соғыс, тыл, ардагерлерінің үйіне барып, үйлерін, аулаларын жинауға көмектесетінбіз. Ата-аналарымыз, мұғалімдеріміз кеудемізге мейірімділікті ұялатып, әрдайым қайырымды болуды үйрететін. Ал менің ақкөңілдігім – бөлек  әңгіме.

Елордаға көшіп келген соң, мен мектепте жұмыс істей бастадым да кейін жеке сабақтарды беруге жөн деп санадым. Өзімнің клиенттік базам да болды. Жақсы ақша таба бастадым. Оның бір бөлігін баспанаға деп қалдыратынмын. Алайда алаяқтардың торына түсіп, еңбекпен тапқан қомақты қаражатымнан да айырылғаным бар. Ипотеканы ресімдеуге көмектесеміз деген хабарландырулар есіңізде ме? Міне, солай алданған едім. Десе де, бұл оқиға мен үшін үлкен сабақ болды. Ұзын сөздің қысқасы: мен бала кезімнен біреуге көмектескім кеп тұрады. Кей кезде әлімді білмей әлек боламын», – деп бөлісті естеліктерімен Райгүл.

Шын мәнінде, біздің кейіпкерімізге өз арманына қол жеткізуге жігерлі де қайратты мінезі емес, ананың балаларына деген махаббаты ықпал етті. Кезінде, астанаға келген бойда да ол мектептегі жұмысын балаларының жарқын болашағы үшін тастаған еді. Төрт баланың анасы өзінің әр сәбиі үшін дұға тілеп, оларға лайықты келешек сыйлағысы келеді.

«Біз елордаға үш баламен Қызылордадан көшіп келдік. Әуелде жағдай қиын болатын. Мен мектепте, жұбайым зауытта жұмыс істедік. Тапқан ақшамыз жетсін деп, мен бірнеше жерде қызмет еттім. Түрлі бәліштерді пісіріп, сататын кездерім де болды. Алғашқы үш жылым мектепте өтті. Жоғары жауапкершілікті сезінгендіктен, мен оқушыларымның үйін аралап, олардың ата-аналарымен сөйлесіп, балалардың мектепке келмеуінің себебін білмейінше, жұмыстан оралмайтынмын.

Бір күні үйге келсем, өз балаларымның жағдайы мәз екенін байқадым. Оларға тиісінше көңіл бөлмей жүргенімді түсіндім.

Менің мектептен кетуіме үлкен ұлымның ауырып қалуы да себеп болды. Баламның денесінде климаттың ауысқанына байланысты түрлі жаралар пайда болды. Бізге псориаз, гломерулонефрит деген екі диагноз қойды. Оның денесіндегі жараларға сағат сайын дәрі жағу қажет болатын. Маған басшыларымнан жиі сұрануға тура келетін. Сол себепті ағылшын тілінен репетитор ретінде сабақ бере бастадым. Мұндай әрекетке барғаным үшін бүгін мүлде өкінбеймін. Жұмыс кестесін өз ыңғайыма қарай өзгерте де аласың, өз балаларыңа сабақ бойынша да көмектесе аласың. Сөйтіп жүріп, қызымды көркемсурет мектебіне, екінші ұлымды музыкалық мектептің қобыз үйірмесіне бердім.  Үлкен ұлым каноэны есумен айналысуды жөн көрді, оның да таңдауын қолдадым. Қаржылық тапшылыққа қарамастан, балаларыма керек жарақтың бәрін, аспаптарын, құралдарын алып беруге тырыстым, үйірмелері үшін төлемді үзбей төледім. Жеке сабақ беріп жүргенімде төртінші балам дүниеге келді. Сол кездің өзінде балаларымның мені жетелейтін құдіретті күш екендігін білдім. Олар – менің депозитім. Өзім қызмет бойынша өспесем де, балаларымның болашағы үшін барымды салдым», – дейді бикеш.

Райгүл өзінің  әр сәбиі туралы айтқанда, көзінен ерекше жалынды байқадық. Қызы Айдана, ұлдары Ғалымжан мен Дәулет бүгін қоғамда өз орнын тапқан жас азаматтар, әрбірі өз саласында үлкен жетістіктерге қол жеткізген. Мәселен, Райгүлдің үлкен ұлы Ғалымжан Бекежанды Азия Чемпионатының күміс жүлдегері ретінде көпшілік жақсы таниды. Қазіргі таңда ол елордада жасөспірімдерді жаттықтырады. Тұңғышы Айдана биыл Хайняньдағы агротехникалық университеттің магистратурасын «Биотехнология» мамандығы бойынша тәмамдамақ. Екінші ұлы Дәулет Бекежан – РФ Қорғаныс министрлігі Әскери университетінің курсанты. Жақын болашақта ол үрмелі аспаптар оркестрінің дирижері атанатын болады. Өзінің бос уақытын Дәулет қобыз ойынына арнайды. Балалары – кейіпкеріміздің мәнді мақтанышы.

«Біздің балаларымыз мектепте жақсы оқыды. Бүгінгі жетістіктеріне өздері қол жеткізді. Үшеуі де қазақстандық немесе шетелдік гранттардың иегері. Мысал үшін, Ғалымжан 11 сыныпта оқып жүріп, түрлі деңгейдегі жарыстардың жеңімпазы болды, спорт шебері атағын алды. Кейін Алматыдағы Қазақ спорт және туризм академиясы оған өз грантын ұсынған болатын. Өзінің оқудағы үздік нәтижелеріне қарамастан ұлым спортты таңдады. 2015 жылы Индонезияда Азия Чемпионатында Ғалымжан жасөспірімдер арасында екінші орынды еншілеген еді. Оның өнер көрсетуін мен теледидардан тікелей хабар арқылы тамашаладым. Кезінде аурудан жапа шеккен перзентіңнің жеңіске ұмтылысын көру – сөзбен жеткізілмейтін сезім. Спорт оның ауруын жеңді», – дейді Ғалымжанның анасы.

Ал Райгүлдің кенже ұлы Әлімжан әлі мектеп оқушысы. Оның жеңістері де әлі алда. Райгүлдің алдында да бағындырар белестер аз емес. Кәсіпкер Алматы және Есіл аудандарында Bilim All орталықтарын ашуды жоспарлап қана қоймай, орталықтардағы үйірмелер, курстар, жұмыс істейтін мамандардың санын арттырмақ. Мәселен, Байқоңыр ауданындағы орталыққа келушілерді алдағы уақытта фортепиано, вокал, ҰБТ-ға дайындық курстарының ұйымдастырылуы күтеді.

«Наурыз айының соңына дейін мен орталықта ҰБТ-ға дайындық курстарын ашқым келеді. Олар тегін оффлайн форматта өтетін болады. Наурыз, сәуір, мамыр айларында көпбалалы отбасылардан шыққан 11 сынып оқушыларына қажетті білім беретін боламыз. Осыған орай мұғалімдердің санын да арттыратын ниетіміз бар. Мамандарды жұмысқа «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша аламын деп жоспарлап отырмын.

Менің балаларым жақсы жоғары оқу орнына грантқа түскендіктен, мен бар білгеніммен, тәжірибеммен бөліскім келеді. Мен аналарға түрлі гранттарға қандай құжаттарды жинау керек екенін, құжаттарды тапсыру мерзімдерінен қалай қалмау керек екенін айтып берер едім. Ата-аналардың түрлі мүмкіндік жайлы білгені өте маңызды.

Өз білімімді жетілдіруді де ұмытпаймын. Ағылшын тілін өз тәжірибемде көбірек қолданғым келеді. Бұдан бөлек, психология бойынша курстардан өткенді жөн санаймын», – деп бөлісті жоспарларымен кейіпкеріміз.

Райгүл тыңғылықты істерді жүзеге асырмақ. Бастысы, жоспарларының қоғамға тигізер пайдасы зор. Кейіпкеріміздің тәуекелшіл мінезі мен өр мақсаттарын ескерсек,  оның барлық идеяларының іске асатындығына еш күмән жоқ.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button