Фото

Алаш Кеңшілікұлы. Кіндігін таспен кескен

Әңгіме

Фото: ашық дереккөзден

Желсіз түнде жел шықты, Желдібайдан үн шықты.

       «Айт,шүу»  деп  атын тебініп қалғанында астындағы шабан торысы көткеншектеп барып жүрмей қиястанды.Онсызда арт жағына алаңдап  үйіне асыққан бекерде қой аузынан шөп алмас момын Желдекең, қойторының қиястығына ашуланып сауырына қамшымен көміп өткенде, иесінен бұрын мұндай көрмеген торы ат шоршақтап ала жөнелді. Ымырт үйірілген шақта Желдекең аттан ауып түсе жаздап ердің қасынан ұстап зорға түзелді. Қия бетте сиыр байқастап жүргенінде аттан қорқып жетектеп алатын әдеті бартын, артынша сол әдетімен атынан шапанының етегі жалпылдай түсіп, арыны қайтып сабасына түскенше жетектеп жүрмек болып жаяу салпаңдады.

       «Әй, Желдібай, Желдібай, сенің атыңды Желдібай емес Мөндібай, немесе Момынбай қойса дұрыс болар еді- ау,»  деп Тобық атаң мақалдап отыратын. Қарттың айтқан сөзінің жаны барда. Мұның атын ұлы атасы желді күні туған бала деп Желдібай қойған екен. Атына заты сай емес адамдар болса соның бірі осы Желдекеңде. Біреудің еркелеткен жалғыз ұлы болса да, момындықтан кеш үйленген. Түп атасынан басқа тапшы ғой бұлар. Тау қуысындағы қараборша үйінде бұл бір жаққа шыққанда тілек тілеп, екі көзі төрт болып бір Аллаға жалбарынып жататын ауру қарт анасына тез жетуге асығудай ақ, асығады ғой. Бірақ сол сүйекке біткен момындық кежегесінен тартады. Өмірі жүрдек ат мініп көрмеген-ді.

       «Тулақтың құлағы тікірейген түрі жаман екен онанша қойторыммен қос тапқаным жақсы»  деп жаман тымағын қолтығына қысып жылқышыларды күйдіріп атын жетектеп кете баратынын қайтерсің. Бір қызығы баққан табынының шеті сетінеген емес. Оғанда шүкір ететін апасы. Әйтпесе құрығы ұзын үкімет жалғыз ұлын малды дұрыс баға алмадың деп ұстап кетсе бұлардың күні не болмақ?

        Тау қойнауындағы жалғыз сиыршыны партияның жиналысы деп бірлестік орталығына шақырып кеп жатқандары. Желдібайдың жұбайы әрі сауыншы, әрі сиыршы  малға ие болып үйде қалады үнемі. Кіндігінен тараған үш қыздың ілікке жарайтын үлкені  орталықта сабақ оқитын. Қалған үйелмелі-сүйелмелі екеуі Желдібай бір жақтан келгенде алдынан құлдыраңдай шығып, жағасын жайлауға жеткізетін. Келіншегінің ай күні таяған ауыраяқ екені есіне түсіп, Желдекең атына қайта қонжиды.

«Ұл болса ғой, шіркін!» .

Тәтті қиялға берілген момын жігіт ақырын атын тебінді. Желдібай асықты екен деп желе жөнелетін қойторы ма, құйрығын көтеріп иесінің зәресін алды тағы да.

        Тау ішінде жел уілі күшейген сайын Желдібайдың тымағының құлағы желп-желп етіп үйіне асығуда. Бір табын сиырды өрістен қайтарам деп айы күні толып отырған әйелі оқыс болмаса игі еді!? Осы бір қырыққа таяған ғұмырының көбі бірлестіктің сиырын бағумен өтіп келеді. Жылқы деген жануардан қорқатын Желдекеңнің сиырға келгенде қыры ерекше.Жоны күдірейген сарлықтың бесті өгіздерінің мойнын бұрап алып соққанын көрген қызыл жағалылар момынның қайратына іштей сүйінсе де, «өкіметтің малының мойынын үзесің , еппен жықсай»  деп доң айбат шегіп, қыжыртып кететін. Сүзеген бұқалардың өзі Желдібайдың жел жағынан жүруге қаймыққандай балақ жүндері жалпылдап алдына түсіп томпылдайтын. Бірлестік басшылары осы қыры үшін де басқа мал баққызбай сиыр қаратып қойған-ды.

          «Екі сиыр айран, екі қатын ойран» деп оңашада сиырды өрістен қайтарғанда масаттанатын Желдібай қой соңынан ергеннен сиыр баққан әлдеқайда оңай деп ойлағанымен шынтуайтында айран ішпек түгілі жарытып ақ шай ішіп көрген пәнде емес. Жаз бойы сүтін «май заводына» өткереді. Үкіметтің «сүт» алу жоспарын орындаймыз деп жарғақ құлақтары жастыққа тимей еріндері тілім-тілім болып тозып жүргендері. Бір қарасаң үрейлі, бір қарасаң күлкілі бір заманда өмір сүріп жатқан еді. Жемір сиыр сияқты жемір қоғам желкелерінен сығып біткен.  Қалың «изм» дегендердің мағынасы миына кіріп те шықпайтын. Бар білетіні «күн көсем» деп жұрт табынатын Ленин деген кісінің арқасында осы күнге жетіп, сиыр бағып жүр екен ғой. Құлдық санасы өзіне бір кезігіп рахмет айтар ма еді деп армандайтын кей сәттерде.  

        Алда-жалда бір бұзау шығындалар болса, «аямай сауып өлтірдіңдер» деп мал дәрігерлері  «акт» жазып зәрелерін алатын. Қазан айы туғанша қазандары қаңсып тұратын. Бұл айға ілдәлдалап іліккенмен қыстың малы қыстан шықпайды деп дігірлеп, суалғаннан қалған сиырды дұрыс сауғызбай телім ететін. Сонда да аз мұздаған жалақы үшін өкіметтің малын өз малдарындай көріп көздерінен таса қылмайды. Бүгін де сол табын сиыр өрістен дұрыс қайтты ма екен деген алаң бір жағынан кіріп асығып-ақ келеді. Іңір қараңғылығы қоюланған сайын жер ұзарып кеткендей, мазасы қашуда.

        Есіктен кірер кірместен «әкелеп»  етігінің қонышына жабысатын қос бәйшешегінің тәтті қылықтары бір жағынан еліктірсе, көн ауызы қос құлағына жете жайылып қос ботасын  кезек-кезек көтеріп қолақпандай мұрнымен искегенде бұның әрдайым қас қабағын бағатын сұлу, инабатты жан жарының наздана қараған көзқарасы жүрегін шоқтай қарып өтетін.Бәрінен де бес жасқа дейін омырауын емізіп, мойнына мінгізіп еркелетіп өсірген ақбасты анасына өзі де  өңкілдей  барып бір еркелемесе көңілі көншімейтін. Бірлестік орталығындағы партия жиынына шақырылып, үйінен әр аттанғанында іштей бір үрей жетегімен кететін қайта оралмай қалатындай. Ал,қайтарында тау қолатындағы төрт шаршыдан аспайтын шәкене үйіне хан сарайына асыққандай алып ұшатын. Әнтек ұшарға қанаты жоқ, шіркін!. Бір сәт құсқа айланып кетсем ғой деп қиялдады. Құсқа айланса үлкен қарақұстан аумай қаларын қайдан білсін!                                                                                                                                          Тау ішін қуалай соққан жел екпінімен бірге алдында үлкен бір оқиға күтіп тұрғанын білмей Желдібай ат үстінде тепеңдеп келеді. Қос кеңірсігі көріктің аузындай желбірлейді.

«Апам, не болды екен?»...

                                                     ***

     Бұл жақтың ауа райы жайдың бұлты сияқты лезімде өзгеріп сала береді.                                                                             Қыста қонақжайлық танытқан үйге бірнеше күн түсел түсіп аттанатын абыздардай, тау беткейлерін ақ көрпесімен қымтай, ақ жорғасын тайпалта алты ай көсіліп жатып алады . Ақ кірпігі ашылып, көздің қарашығындай саңылау көрінгенше  малшыларда маза жоқ.                                                                   Тастары да  көкпеңкөк көк аспан реңдес болғандықтан Көкшағыл атанған тау қолатында екі-ақ үй малшы қыстағы орналасқан. Тобық атаң тоқты бақса, Желдібай сиыр қайыратын. Сарлық жонның малы сарысы мол деп сайдың ұшар басына,  жел өтіне Желдібайға тастан қаша жиғызып  берсе, қараотты күнгейге сүйенеді деп Тобық атаңа сәл ойпаңдау тұсына төбесін ақ бұйра щифрмен жапқызып қора салғызып бергізген бірлестік басшылары.

      Қыс бойы бірлі-жарым уәкілдер болмаса, бұларға қатынап өлі-тірі екендіктерін білетін жан болмайды. Түйе боталағандай былғары қоржындарын теңденіп, мұрт пен қастарын ақ қырау шалған мал дәрігері мен адамның кіші дәрігері келіп ана мен баланың  денсаулықтарын көріп кетеді. Ортадағы қара пеште маздаған қидың жылымығымен қарақошқыл шайды сораптап отырғандарында  ери аққан ақ сүңгі жүздерін шайып, «ит арқасы қиянға қыстау салған сендердің қорлықтарыңдай» деп жылап отырғандай сезілетін.  Оның өзінде көбінде шақырумен келеді. Жел өтіндегі таудағы тірлік басқасынан гөрі Желдібайға көбірек ұнайды. Осы тірлігін ұжымаққа балап, ел ішіне ойысуды қаперіне де алмайтын.

       Желдібай кешіккен соң қарт енесіне ыстық шалабын ұрттатып, көрпесін қымтай жапты да, қара пешке толтыра қи қалап, екі кішкентай сыртқа шығып кетпес үшін есікті сыртынан бекітіп өрістен қайтпай қойған сиырларды қайтару үшін сайдың ұшар басына беттеген Жібек ақжорға жүрмесе екен деп іштей тіленіп келеді. Сөйте тұра тыстағы жолдасы Желдібай мен ауру қарт енесінің қамын көп жейді. Әсіресе төрінен көрі жуық , келін болып түскелі бетіне қарап көрмеген ақбасты енесі тоңып қалар ма екен деп өрістегі зеңгібаба түлігін тезден қайтаруға барын салуда. Қыс қылышын қынабынан қаншама рет суырғанмен көктем қызды көргенде қымсына ұялып, ашуы сәл қайтқан тұс еді. Қабағат ауа райынан хабардар Жібек іштегі нәресте үшін болсын жылы киініп алған-ды. Өйтпесіне үйдегі енесі де қоймайтын. Басын ораған екіқабат шыты сай тағанын өрлеген сайын екіқабат ананы бусандыра бастады.Бекерде екі ақ аттап жететін жеріне о,құдірет біреу тұсап тастағандай жете алар емес. Іштегі шақалағынан да алаңдайды. Бұл бұлардың көп жыл күткен аңсар армандары ғой.

«Ұл болса ғой, шіркін!»...

      Момын болса да  үйдегі отағасының іштей тынып , артын жалғар атұстарлы болсам деп мүжіліп жүргенін сезеді. Сол үшінде ауруханаға ертерек жетіп алғысы да келген. Оған сол қазақ анасына ғана тән қайсарлықпен, қамсана шүкірлігі ауру қарт енесінің қамымен  бүлдіршіндерінің сағыныштан сарғайып қалмауы үшін тәуекелге бел буғызған. Бақ дәрігеріне айы күнін өтірік жазғызғаны да сонан еді. Кейін осынысы үшін өкінерін қайдан білсін!

    Ақ тер, көк тер болып сиыр жатқан теріскей бетке жете берген кезде көлеңке ұзарып, шайдай ашық тұрған күн реңі де бұзылып, бұрқасын басталды да кетті. Тер қатып қалмас үшін орауыш шыттарын қатайта тартып бұрқасыннан жүзін айлана бұрғыштап сиырдың алдын қайтарып үлгергенше белі шым етіп, толғақтың басталғанынан сыр берді.                                                                                               «Е, жаратқан өзің жәрдем бере гөр» деп көзінің алды буалдырланып жаратқанға жалбарынды. Қас қылғандай жел күші де лезімде күшейіп, айлана алай-түлей ақжорғаға айланып қарға адым жер көрінбей қалды. Жібек осы кезде барып өзінің ауруханаға ертерек кетіп қалмағанына өкінді.                                                    «Неге, неге ғана бармай-ақ қой» деп зарланған енемнің тілін алмадым екен?                                                Болжаусыз боранмен бірге болжаусыз басталған толғақ жанын мұрнының ұшына әкелді.  Енді өкінгенмен  кеш еді. Ана-мұңлық өз басының қауіп қатерінен гөрі тоғыз ай, он күн көтерген бір отбасының үміті «ұл болса екен» деп мойындарына бұршақ сап тілеген шақалақтарынан айырылып қалам екен деп жан ұшырды. Ууу, ууу,  жон жотада қасқыр ұлып жатқандай.

      «Ғайып ерен, қырық шілтен, Бибәтима пірім қолдай гөр»... Аузына түскен әулие, әмбиелердің атын айтып бағуда. Жалғыздың жары құдай сасқандағы. Иә, мынау иен жотадағы ақтүтек ішінен бейуақтағы бейбақ анаға көмекке келер пәнде жоқ еді. Келді дегенде де таба қоюы екіталай. Бар үміті Желдібайда. Момын болса да құдай қосқан қосағы тау табиғатына, боран мен желге үйренген адам ғой, келіп көмектесер деген үмітінің жібі жоқ емес. Ақтүтекпен арпалысқан беймезгіл шақта жүкті ананың аяғын тас қағып, ұшып түсті.  Жығылғанға жұдырық дегендей құм аралас қар жентектерін долы боран қойын-қонышына толтыра сылауда.

                                           ***

      Желдекең жеті түнде мұның бәрінен бейхабар торы атын өзі арқалағандай үйіне таяғанда Тобық атаң кезікті. Қысқаша аман-саулықтан кейін малын қоралап тастап , мұның үйіндегілерге хабарласып қал жайдарын білгелі келе жатқанын айтты.

___ Әй, осы сенің иіс алмас жуастығың-ай, ауру қарт анаң бар, балаларың шиеттей. Аузы мұрнынан шығып отырған жұбайың анау. Асықпай-саспай түннің біруағына дейін мынау қай жүрісің? -  деп зілсіз ұрсып алды арасында.

     Оған жауап қатар Желдекең бе, үйінің сырты бекітулі тұрғанын көріп  «апама, не болған?» деп сүріне- қабына үйіне кірді. Бұл кезде екі кішкенесі суықтан бұйыққан қозыдай қойындасып төрдегі төсекте ұйықтап жатыр еді. Оң жақтағы темір төсекте жатқан ауру кейуана келінім келген екен деп қуана төсектен басын жұлып алды. Немерелерін жұмсап қасына алдырып алған білте шам жалпылдап сөнуге дәс қалыпты.

___ Апа-ау, тірі екенсіз ғой!

О, тоба, сексен жыл жасаған ғұмырында жан жүрегі жалғыз ұлын алғаш рет жек көрді. Жүкті келіні түннің біруағына дейін кешіккеніне қабағат алаңдап , кәрі жүрегі бірдеңені сезіп елегізіп  жатқанда, есік шиқ етіп  ашылғанда қуаныштан жүрегі атқақтай соғып,  басын жұлып алған еді. Сөйтсе... Өзінің жер қозғалса да қозғала қоймайтындай  жалғызы екен ғой.

___ Кет, жоғал, ізде, -деген үш сөз болды айтқаны, өңкиіп әдеттегідей омырауына басын қойып еркелемекке ұмтылған ұлын тежеп.

  Сонда ғана мән жайға қаныққандай болған Желдекең:___ Апа-ау, сиырдай қатынды кім жейді дейсіз, келеді емес пе! –деп әдейі қиястанып өңкілдей күлді.

Мұнан әріге шыдамаған Тобық атаң қолындағы тобылғы сапты қамшысымен Желдібайды «ессіз, ақымақ» деп арқасынан тартып-тартып  жіберді. Қамшы есін жиғызған Желдібай әйелінің жүкті екені есіне түсіп есікке ұмтылды. Далада есіре соққан боран төртқұлақты шәкене тамын ұшырып кете жаздап шайқап тұр. Көлделең қаланған ағаштарының шала сыланған саңылауларынан жел кеулеуде.

___От қалап кет, қарт анаң жаурап қалар. Бірге іздейміз—деді ақсақал бұйыра сөйлеп.

                                       ***

       Қанша жатқанын кім білсін, сүт пісірімдей уақытта өзіне-өзі келгендей болды. Жүрегі лобығып, белі айланып, қысымы өрлегендей басы зеңіп, көзі қарауытып жатыр екен. «Балам, балам қайда...» жан жүрегі қан жылай құрсағын сипаған. Мәтқапыда босанып қойған екенмін деп ойлаған. Алды, артын орай соққан құтырған жел  ажал аждаһасын төндіре түскен сайын ана бейбақ қайраттана түсті. Өнебойы ауырлап, үстінен біреу таспен бастырып тастағандай орнынан қозғала алмай біраз жатты.  Құрсақтағы сәбиінің әлі де болса ұясында екеніне көзі жеткен соң, қалайда аман алып қалудың қамына кірісті. Ішінің ширауы жиілеп, белі айланып, толғақ қысқан сайын ықтасын, тастың  қуысын іздеді.Желдібай кеп қалар деген есек дәмесі желге ұшып, үмітінің жібі үзілді. Енді ұрпағының қамы үшін жаратққаннан медет сұрап, өз қабілетіне иек артпақ.

     Ууу, ууу, аааууу, аааууу... расымен де түз тағысы ақ дүлеймен арпалысқан ана-мұңлықтың құрсағындағы сәбиін шаранасынан қылғымақшы ма-ау...Ақтүтектің ішіне әлде жын-шайтан кіріп алған ба? Неге бір уақ толастамайды, неге үнін өшірмейді... Баланың періштесі қайда, неге көмекке келмейді?  Жоқ, жоқ...Құдай бетін ары қылсын! Өзі жазым болса да Желдібайдың ұрпағын аман алып қалуы керек! Жуас болса да құдай қосқан қосағының көзіне шөп салған емес. Әйтпесе мұның сұлу сымбатына қызығып басшысымақтардың оңашада талай қылмыңдағандары бар. Бірінде бойына тоғытпаған. Неге екенін білмейді бар махаббат, бар тағдырын Желдібайға табыстаған. Бар арманы соған бір ұл тауып беру. Төрінен көрі жақын кәрі енесін бір қуантса ғой, шіркін!

       Енесі айтып отырушы еді Желдібайды көш жөнекей жел қатты соғып тұрған күні босанғанмын деп. Умақ-шумақ түйелі көштегілер абыр-сабыр болып,  итарқа тігіп үлгеріп  абысын-ажындары аман-есен босандырып алған екен. Бұлардың тұқымына дүниеге келуді желді, боранды күнді ғана жазғандай. Алқалы топтың алқауымен, шөміш қаққызып өмірге сәби әкелуден асқан бақыт жоқ екен ғой. Ал, қазіргі күйі тым аянышты, тым қорқынышты еді.  О, құдірет өзің жәрдем ете гөр! О,қайдасың тау құдіреті?

      Сол ақ екен, осыдан бірнеше жылдың алдында тағы да сиырды өрістен қайтарып келе жатқанда көрген тау үңгірі жадына оралды. Кезінде пәленбай деген батырдың мекендеген үңгірі деп енесі айтып отырушы еді тағы да. Ой жорамалынша осы маңға жуық болуы керек. Ол жолы сол үңгірді сырттай көргені болмаса қасына таяуға да батына алмаған. Қасқырдың апаны шығар бәлкім деп ойлаған.Сол ой жорамалын расқа шығарып  Желдібай да бұл үңгірдің киелі екенін айтып, қасқыр күшіктегенін көзіммен көргемін деп қорқытқан. Боранды күні сол үңгір жанын алып қалатындай , қиналған сәтте пана болар құтты мешін үйі іспетті аңсар арманына айланып отыр.                                 Көк аспан реңдес Көкшағыл өзің пана бола гөр! Күлкілі болса да қысылғанда таудан жәрдем сұрады. Адамның құлағы адасқанның зарын тыңдағысы келмесе де, тау тәкаппарлық танытпады. Тауда көз, құлақ болмаса да көл-көсір мейманжай көңілі бар екен. Осы қонақжайлылығынан ғой, талай тау тағысы тұқымдарын көбейтіп, күнгей мен теріскейлерін қалқан қылып жүргендері.  Иненің көзіндей саңылау ашылғанда өзінің дәл үңгірге таяу маңда екенін аңдады. Жерден желкем тапқандай қуанып, аурухананың табалдырығын аттап, дәрігер қарамағына ілігетіндей үрейлі үңгірге ойланбастан бас тоғытты. Тауқұдіреті шақырды ма қайдам?                                                                                                                                                                  Аң-құсқа қорған бола алған тау қуысы адамды жатырқасын ба? Сам жамылмай  ғасырлар бойы жел мүжіп үгітілген, жауын шайған қуыс кеудесіне ана-мұңлықты да сиғызып алды. Аман шығу шықпасы, жаратушының құзырындағы іс еді. Бастабында білмеген үңгірге еңбектей  кірсе де , түп жағы кең,  қанша үрейлі, қанша қорқынышты болса да рахат самалы есіп тұр. Суық пен бораннан әбден қалжыраған жүкті анаға солай сезілді ме екен әлде?

                                                      ***

      Желдібайдан ес шықты, екі көзінен қос шықты. Қобалаңдап қи қалағанша көсе ақылы кеспірін бұзды. Ауру қарт анасының жалбарына зарланғаны бір жағынан жанына батып барады. Тобық атаң да тоқтау айтып, жүректерін тыншытпақ болғанмен түн жарымына  дейін келмеген жүкті ананы аман деп ойламады. Тек төр алдындағы екі сәби ғана бұйыққан қалпы, аспан айланып жерге түссе де білер емес. Дүлей жел тез далаға шығып, мықты болсаңдар жоғалған адамдарыңды тауып алыңдар дегендей пештің мойынын сабалауда.  Қорасын тапқанмен қоралайтын егелері жоқ сиырлар біз келдік дегендей мөңіреп қояды. Әукелерін қасып өлердей жақсы көретін Желдібайда «қасқыр жегірлер» деп сиырмен бірге қатыны келмегенге таз ашуын тырнадан аладының кебімен отты лезімде іліндіріп кетпек ниетте. Біреуін қасқыр жесе қамаққа түсерін мүлде  ұмытып кеткендей.

    Қобалаңдап жүріп отты жылт еткізіп үлгергенінде,  есік тағы да сықыр етіп ашылды. Көн еріні көнектей болып, ауызы самаладай ашылып отты үрлеп жатқан-ды. Пештің аузына қарай жел үрлеген күйе бетін күйген табадай қылып, сайқымазақ бір күйге енгенді. Есік ашыла бере шар етіп жылаған сәби үні үйдегілерді елең еткізді. Төлдеулікте кереқапқа салып балалары көтеріп келген қозының маңырауынан-ақ, еркек, ұрғашысын жазбай білетін Тобық атаң нәрестенің барқыраған жуантық дауысынан ұл бала екенін бірден айырды. Дүниеде сәби үнінен бал, сәби үнінен әсерлі, сәби үнінен нәзік дауыс жоқ шығар, сірә! Бәрінен бұрын кәрілік жеңіп тұра алмай жатқан ауру қарт кейуана төсегінен домалап түсті.

___О, жаратқан, ғайып ерен қырық шілтен... Бибәтима пірім қолдай гөр!

 Есіктен үрлесін қарға бет-ауызы домбығып үсіп кетсе де, басына тартқан шытының біріне орап, мешпетіне құндақтап,  шапанының етегіне салып алған нәрестесін енесінен қымсына көтеріп кірген ана үйдің шырайын кіргізіп жіберді. Тобық атаң жынды болған тоқтыдай қуанғаннан «ұл келді, атұстарлы болдыңдар» деп секіріп жүр тар үйдің ішінде. Бықсып жанбай жатқан отта нәрестеден ұялғандай қызылжалқынданып үйдің ішінің көрігін қыздырды.  Сәби үні долы боранның да үнін өшіргендей, пештің мойыны да салдырлап ес-ақылды шығарғанын доғарған. Сәбидің маңдайынан құшырлана искеп жатқан апасына момын Желдібай еркелей насаттанып үн қатты.

___Апа-ау, айттым емес пе, сиырдай қатынды кім жейді деп...Желдібайға жел бітті, өзі жасағандай ерлікті...

Бұл жолы үйдегілер ду күлді. Жібек жолдасына «қойсай» дегендей наздана қараған. Қайсар ана тау табиғаты тылсым мінез танытып, дүние есігін әлі де болса аша бермеген нәрестесіне мынау өмір үнемі маңдайдан сыйпай бермейтінін сездіргендей ару күннің өзі қабақ шытқанына қарамастан, жаратушы бір Алланың құдіретімен қасиетті қара таудан пана тауып сәбиінің кіндігін таспен кесіп, боран сәл толастағанда қол-аяғын бауырына алып, аман-есен алып келген еді. Енесінің емірене жылап, айланып-толғанған кәрі жүрегі бар қиыншылығын ұмыттырып жіберсе,  момын күйеуінің мәз болып  қос құлағына жете жайылған риясыз күлкісі жанын жадыратты.

Пештің түтікшесінен тік шаншыла аспанға будақтаған түтін, жымыңдаған жұлдыздарға үйдегілердің қуанышын бөлісуге асығып бара жатқандай шұбатылуда.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button